Тарихи- мәдени ескерткіштер.

Республикамыздың байтақ даласында ежелгі заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі уақыттың куәгері сияқты 30 мыңнан астам тарихи, мәдени ескерткіштердің бар екендігі анықталып отыр. Халқымыздың осынау ғажайып мұрасын есепке алу, оларды қорғау және ғылыми білгірлікпен қалпына келтіру аса мәнді мәселелердің бірі. Тарихи – мәдени мұраны танып білуге біздің әр қайсымыз өткенімізбен бүгініміз үшін, жарқын болашағымыз үшін парасат-болымымызды шыңдаймыз. Ел тарихы, жер тарихы, сол жер бетіндегі тарихи-мәдени мұралар тарихы, бір-бірімен тығыз бірлікте. Бұларды ешуақытта бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.

Абат-Байтақ қорымы.

Абат-Байтақ қорымы – сәулет өнері ескерткіші. Қорым жөнінде алғаш рет 20 ғасырдың басында Орынбор архив комиссиясының мүшесі, ғалым И.А.Кастанье мәлімет берген. 1979-80 ж. Мәдениет министрлігіне қарасты «Казпеставрация» бірлестігінің экспедициясы /жетекші С.Әжіғалиев/ зерттеген. Қорымның ені 600 м. Негізін Абат-Байтақ кесенесі құрайды. Кесене қорымның шығыс бөлігінде орналасқан. Қорымның оңтүстік батысы мен солтүстік батыс бөлігінде 18-20 ғасырлардағы зираттар кешені жатыр. Құрамында екі күмбез және 200-ден астам бейіт басына қойылған құлпытастар бар. Олар үлгілерінің әртүрлілігімен, композисиялық шешімдерінің өзгешелігімен және сәндік ою-өрнектерінің молдығымен ерекшеленеді. 18-19 ғасырлардағы қазақ тас қашаушылары шеберлігің жоғары дәрежеде болғанын да көрсетеді. Ағаш ою дәстүрінде безендірілген құлпытастар ерекше назар аудартады. Сонымен бірге өсімдік /гүл, ағаш, жапырақ, т.б./ өрнегі кеңінен қолданылған. Құлпытастарда араб әрпімен қаза болған кісінің туған-өлген жылдары жазылып, ру таңбалары салынған. Жазулар қорымда қазақ халқының табын, кете, байбақты, шекті, т.б. руларының өкілдері жерленгенін көрсетеді.3,4,5,6,7

Абат-Байтақ кесенесі.

Абат-Байтақ кесенесі – ХІV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың бас кезінде салынған сәулет өнері ескерткіші. Ол Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Талдысай ауылынан оңтүстікке қарай 12 км қашықтықта, Қобда өзеннінің аңғарындағы Абат-Байтақ қорымында орналасқан. Аңыз бойынша кесенен атақты ойшыл Асан Қайғы жыраудың /XIVғ/ осы Бесқопа аңғарында кенеттен қайтыс болған баласы Абат батырға арналып, бүкіл аймақ халқының қатысуымен тез арада тұрғызылған. «Байтақ» атауы содан қосылған. Бірақ құрылыстың архитектура құрылымы оның төрелерге тән екенін байқатады. Кесене үстінде 11 қырлы тұғырға орнатылған шашақ күмбез бар, ал негізгі тұрқы төрт бұрышты. Тұрқының сыртқы ауданы 9.52х9.8м. Кесененің сақталған биіктігі 14,5 м, бастапқы биіктігі 16 м. Өңделмеген кірпіштен қаланып, ішкі жағы балшықпен сыланған, сыртқы жағы күйдірілген кірпіштен қапталған. Абат-Байтақ кесенесі қалыпты қос күмбезді шатырлы құрылыстар тобына жатады және кейбір әдебиеттерде көрсетілгендей центрик емес, порталды-күмбезді кесене. Оның ішкі құрылымы да төртбұрышты жобада салынған. 8 және 16 қырлы өрімдердің біртіндеп күмбез ішіне қарай көтерілуі көрер көзге жеңілдік әкеледі.

Бөлмесінің батыс және шығыс қабырғаларында арқалық ойықтар бар. Күмбез тұғырының сырты мен ойлықтарын оймыштап әсемдеген. Абат-Байтақ кесенесі сәулет нақышы жағынан Хорезмдік кесенелер мен 12 ғасырдың соңы 16 ғасырдың бас кезіндігі Арслан, Текеш, Көк-кесене, Кесене ескерткіштеріне

ұқсайды. Кесене орналасқан қорымда әр түрлі үлгімен, ою-өрнектерімен салынған құлпытастар көп. Құлпытастардың көпшілігі ақ және ақсұр әктастан қашалған. Бәрінің биіктігі 1.2-2.0 м. аралығында. Олардан XVIII-XIX ғасырдағы қазақ шеберлерінің қолтаңбасын байқауға болады. Құлпытастардың көбіне қаза болған кісі аттары, қысқаша өмірбаяндары араб әрпімен жазылған, ішінара ру таңбалары салынған. Абат-Байтақ кесенесі орналасқан қорым мемлекет қорғауына алынған.

Есет-Дәрібай кесенесі.

Есет-Дәрібай кесенесі – ХІХ ғасырда өмір сүрген халық батыры Есет Көтібарұлына /1803-1889/ тұрғызылған ескерткіш. Ол облыстың Шалқар қаласынан 65 км жерде. Кесененің бірінші нұсқасы 1890 ж. Төртбұрышты шикі және күйген кірпіштен күмбезбен өріліп, қабырғалары әшекейленіп салынған. Бірақ, уақыт әсерімен құлаған. Шалқар өңірі халқының бастамасымен бұл кесене екінші рет, қазіргі заманның сәулет өнерінің талаптары ескеріліп, ұлттық нақышпен 1993 ж. Қайтадан салынды. Кесене – құбылаға қарағанда оң жағындағысы Есеттің сол жағындағысы –інісі Дәрібайдың тамдарынан тұрады. Осы екі тамның ортасында биік шырақ мұнарасы бар. Бұлардың аумағында тас төселген. Әрбір там жанында құлпытастар орнатылған. Есет пен Дәрібай тамдарының әр біреуінің сыртқы өлшемі 7х7 м, ішкі өлшемі 6х6 м, биіктігі 8 метрден. Олардың бірінші деңгейі 4 м. биіктікте, одан жоғары 4 м биіктікте мазардың күмбезі бар. Екі тамның ортасындағы мұнараның биіктігі 16 м. Мұнара бойындағы мрамор тақтаға сол кездегі тарихи тұлғалардың аттары жазылған. Кесене республикадағы тарихи ескерткіштер қоғамының есебіне алынды.2

Дәрібай кесенесі.

Дәрібай кесенесі – Дәрібай Көтібарұлы ХІХ ғасырда өмір сүрген батыр, қазаққа танымал Көтібар Басенұлының кенже баласы. Ол 1890 жылы дүние салған 1890 жылы оған шикі кірпіштен биіктігі 6 м. төрт бұрышты күмбезді там салынған, көп уақыттан кейін құлаған. Дәрібай кесенесі 1993 жылы /қ. Есет кесенесі/ екінші рет, Есет кесенесімен бір қалыпты қайтадан салынды. Кесене қыздырудан өткен ақ тас кірпіштен, Маңғыстаудан келген ақ қиыршық қатпаларымен көтерілген. Дәрібай кесенесі облыстың Шалқар қаласының оңтүстік Шолақжиде деген жерде орналасқан. Дәрібай батыр Есет Көтібарұлы бастаған халықазаттық қозғалысқа белсене қатынасқан.

Дәуімшар қорымы.

Дәуімшар қорымы/XVIII ғ. аяғы – ХХ ғ. басы/ – Қазақстанның Батыс аймағына тән өрнектермен көркемделген 200-ден аса мазарлар, тас мавзолейлер, сағана там, сандықтас, құлпытас, қойтастар кешені. Жем өзенінің сол жақ жағалауында, Жарқамыс қонысының оңтүстік-батысында 37 шақырым жерде орналасқан.

Қорым Жем бойындағы қазақ рулары басшыларының бірі, осы жерге 1810 жылы жерленген Дәуімшардың /Есекей/ есімімен аталып кеткен. Аңыз әңгімелерге қарағанда мұнда қалмақтармен соғыста қаза болғандар жерленген. Екінші бір мәліметте Дәуімшардың бастауымен қазақ жасақтары кезінде Гурьевтен /Атырау/ шыққан ағылшындар экспедициясымен қақтығысып, содан көп адам қаза табады. Бұл 1810 ж. болған. Осы ұрыста қаруы аса көп ағылшындар оғынан адайлардың көп адамы шейіт болады, келімсектер жағынан да шығын болады. Ағылшындардың моласы қауымның етек жағында, одан сәл берегірек жатыр. Дәуімшар қорымында дулыға тәрізді күмбездері бар тастан тілініп алған блоктар арқылы салынған үш мазар ерекше көз тартады. Әсіресе Мырза Мұрын мазарының /1881-82ж./ шеберлігі мүлде бөлек. Сондай-ақ шикі кірпіштен салынған үйтам, сағанатам мазарлары, қабір үстіндегі қойтастар да ерекше назар аудартады. 8

Дәуімшар қорымындағы Мырза-Мұрын мавзолейі.

Мавзолей тіктөртбұрышты ескерткіш, негізгі екі тепе-тең бөліктен тұрады: тіктөртбұрышты қабырға және дөңгелек барабанға кигізілген бас киім тәрізді күмбез жалпақ тастармен қапталып, ұшар басы мүскінделіп аяқталған. Мавзолейдің оңтүстік бетіндегі кіреберіс терезе мен жоғарғы маңдайша әйнек орталық күмбезден ілгері шығып тұр.

Мавзолейдің ішкі қабырғасында 1.5 м. дейінгі биіктікте ашық түрлі-түсті бояулармен салынған суреттермен, кішкене тастармен көмкерілген өрнектер бар. Сондай-ақ 6 адамның жерленген қабірі орналасқан. Мавзолейдің сырты да бедерленіп, ойып салынған өрнектермен әшекейленген. Барабанның шеңбері әшекейлі тастармен көмкерілген. Мавзолейдің биіктігі – 7,5 метр. Мырза-Мұрын мавзолейін 1880 жылы халық шебері Әжімұрат салған.9

Қарасақал қорымы.

Байғанин ауданы Жарқамыс қонысының оңтүстік-батысында 60 шақырым жерде орналасқан. Қорым 15 гектардай жерді алып жатыр, онда мыңға жуық бейіттер бар, көпшілігінің тек ізі қалған. Қорымның Қарасақал әулие жерленген солтүстік-батыс жағы ең ертеректегі бөлігі болып табылады. Шамамен ХVII ғасырға жатады. Қорымдағы ерекше ескерткіштердің бірі-Індібай мавзолейі ақ бордан дайындалған кірпіштерден қаланған. Негізгі құрылымы төрт бұрышты төменгі бөлік пен дулыға тәрізді күмбезден тұрады. Сырты біршама тегістеліп өрнектелген, ішкі бөлігі боялып өрнектелген. Мавзолей ХІХ ғасырдың 2-ші жартысына жатады. Қорымның біраз бөлігі ақ бор мен құмнан әзірленген құймақ кірпіштен қаланған бағана-тамдар алып жатыр. Қорым Жем бойы қазақтарының ХVII – ХХ ғасырлар аралығындағы өлген адамдарды жерлеу рәсімдерінен мол хабар беретін Батыс Қазақстандағы ерекше ескерткіштер жиынтығы болып табылады. 9

Қарағұл кесенесі.

Қарағұл кесенесі/ХІХ ғасыр/ – Кіші Жүз қазақтарының құрметке бөленген өкілдерінен біреуінің басында тұрғызылған. Бұл XIX ғасырдың, көркем күмбезді кесенелер тобы ішінен айрықша ескерткіштердің біреуі. Кесене, Мұғалжар ауданындағы Борлы ауылынан, оңтүстік-шығыс бағытында 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Ескерткіш, бөлекше, төбеде орналасқан, қасында бірнеше жақын заманның мазарлары бар. Оңтүстік алдыңғы жағымен күмбезді кесене жоспарында салынған тікбұрышты ғимарат. Бір қатарлы блокты цоколдан іргетассыз тұрғызылған, қабырғалары үш қатпарлы конструция болады. Қабырға қиюлыларының екі деңгейлерінде горизонтальді блоктар қойылған. Күмбезі үшкірлеу келген ложный свод техникасымен салынған. Көлемі 4,02х40,5м жоспарында. Биіктігі 6,0м.2

Сүндет мавзолейі.

Сүндет мавзолейі «Оймауыт»  шаруашылығының солтүстік-батысында 30 шақырым  жерде орналасқан. Мавзолей орталық күмбезді, сегізқырлы  қабырғалары киіз үйді еске түсіреді. Оңтүстік-батыс бетіндегі кіреберіс пен жоғарғы маңдайша жиек бері шығып тұр, қазақтың ұлттық «түйетабан» тәрізді өрнегі салынған, жіп тәрізді өрнекпен өрнектелген. Ішкі бөлігінде 8 қырдың әрқайсысына әрі қарай ойықталып қаланған, екі-екіден өрнек бар. Кіреберіс төмен түсірілетін перде тәрізді әшекейленген. Мавзолейдің шеңбері – 7м., биіктігі – 6м. Мавзолейді ХІХ ғасырдың екінші жартысында халық шебері Дәулетнияз салған. 9

Балғасын күмбезі.

Балғасын күмбезі /ХІ-ХІІ ғ. ескерткіші/ – Шалқар қаласының солтүстік-шығыс жағында 50 км жерде. Көне Үргеніште қолданылған сәулет өнерінің үлгісімен жасалған. А.И.Матовтың айтуынша Балғасын күмбезі солтүстік жақ дуалы 13 қадам, шығыс жағы құлаған жеріне дейін 10 қадам, биіктігі 12 метр. Күмбездің сырт қабаты көгілдір сырлы /глазурь/ кірпіштен, дуалы күйдірілген төрт бұрышты жұқа қалақ кірпіштен қаланған. Қабырғасы төрт бұрышты жобамен құрылып, оған 6 қырлы барабан орнатқан. Үстін биік мұнара түрінде жасап, әдемі өрнектермен әшекейлеген. Қазақ жеріне айдалып келген А.И.Матов 1897 ж. «Тургайская газетаның» №24, 125 сандарында осы күмбез жайлы жазып, күмбездің суретін жариялаған. Балғасын күмбезінің суреті И.А.Кастаньенің «Оренбургская ученая комиссияның құжаттары» кітабында /1906 ж. ХІХ басылым/ жарияланды.10

 

Есет Көкіұлы кесенесі.

Есет Көкіұлы кесенесі-Ақтөбе қаласынан 35 км оңтүстік-шығыста Бестамақ ауданының жанында биік төбенің ұшар басында Есет тамы 1750 ж. салынған, уақыт озғасын жер болып кеткен. Екінші рет 1979 ж. жергілікті тұрғындар батырдың әруағын сыйлап, биіктігі 1,7 м., ені 3м., ұзындығы 5 м етіп ақ кірпіштен салынған. Алайда, сол кездегі әміршіл-билеп төстеу жүйесі бұны діни нанымға табынушылық, қоғамға жат құбылыс деп жаңа салынған ескерткішті құлаттырды. Үшінші рет 1992 ж. халық қаражатынан Маңғыстау ұлутасы мен мәрмәр пайдаланып, қазақтың киіз үйі бейнесіндей көрнекті зәулім кесене орнатылды. Мазардың авторы сәулетші Т. Жонысбеков, оны салған «Зерде» шағын кәсіпорны. Биіктігі  11 м. Құбыла бетке шығарылған есіктің жоғарғы жағында найза ұстаған Есет батырдың /биіктігі 3м/ бейнемүсіні салынған. Кесене тарихи ескерткіш ретінде тіркеліп, туристік бағытқа енді, мемлекеттік бақылауға алынды. Оған дейін көмерме жол салынып, асфальтталған. Елек өзеніне көпір салынған.11

Көтібар батыр  кесенесі.

Көтібар батыр кесенесі /2000 ж./ – сәулетші Ә.Баяндин. Отаршылдыққа қарсы күрестің көрнекті қайраткері, халық батыры Көтібар Басенұлының кесенесі. Ақтөбе қаласынан 100 шақырым жерде Көктөбе мекенінде орнатылған. Кесененің биіктігі 12 м. Маңғыстау түбегіне жеткізілген ұлутастан өрілген. Сырым, Көтібар бастаған кіші жүз қазақтары бірлігінің белгісіндей кесене жанында үш қойтас орнатылып, оның бетіне Әлім-Шөменнің, Байұлының, Жетірудың 29 руларының таңбасы ойып жазылған, кесене жанында орнатылған құлыптас бетінде Көтібардың үзеңгілес, құраулас замандастарының есімдерін оқуға болады. Көтібар батыр кесенесі мемлекеттің қорғауына алынған.2

Алып Ана қорымы.

Алып Ана қорымы – сәулет өнерінің ескерткіші. Ақтөбе және Атырау облысының шекарасында, Сағыз өзенінің аңғарында, Сағыз темір жол станциясының оңтүстік-шығысында 20 км жерде орналасқан. 1979-80 ж. «Қазреставрация» бірлестігі энциклопедиясы зерттеген. Жазба деректерде бұл жерде алып батыр әйел жерленгені айтылады. Археологиялық зерттеулер бұл жерде ХІV-XVI ғ-ларда ортағасырлық күмбез тұрғынын көрсетеді. Қазіргі кезде қираған орыны ғана сақталған. ХІХ ғ-дың 2 жартысы мен ХХ ғ.  басына жатады. Күмбездер мен сағанатамдар әктас пен күйдірілген кірпіштен көтерілген. Ескерткіш Маңғыстау – Үстүрт стилінде жасалған. Құрамында күйдірілген кішігірім күмбездер және әр түрлі қалыптағы құлыптастар көптеп кездеседі. Құлыптастарда әйел адамның әшекей бұйымдары, аяқ-киімдері бейнеленген. Бұлар қорымның басында әйел бейіті болғаны туралы аңызды растай түседі. Алып Ана қорымында көбіне қазақтың кете, адай руларының өкілдері жерленген. 9,15

Хан моласы қорымы(ХІХ ғасырдың ескерткіші) – Қабырға өзенінің Өлкейек өзеніне құяр сағасында 4 км жерде орналасқан. А.Левшиннің, Н.Рычковтың деректері бойынша бұл қорымда кіші жүз ханы Әбілхайыр  жерленген. Капитан Н.Рычковтың 1771 жылы «Қазақ даласына жорығының күнделік жазбаларында»: «Ханның зираты – күйдірілмеген кірпіштен қаланып, ақ балшықпен сыланған, төрт бұрышты кесене. Бұл ғимараттың батыс қабырғасында кең ашық кірме қалдырылған, мұның өзі салынған жайдың қақпасы іспетті. Тамның батысындағы есіктен кіргенде, бейіт ішіндегі шұңқырда кәдімгі киімімен адам жатыр. Қасында қылыш, садақ оғымен қойылған. Қазақтар бұл моланы әулие тұтады, әсіресе хан бейітінің аяқ жағына шыққан биік ағаш хан моласының әулиелігін тіптен көтерген…» деп сипаттайды. Қорым бірнеше құлыптастар мен төмпешіктен тұрады. Төмпешіктің көлемі 15х10, ондағы құлыптастар ақшыл көк мрамор тасқа ұқсас, жазуы араб әрпімен терілген, ал өрнектердің орналасуы әртүрлі. Биіктігі әртүрлі – 0,62-0,84 м. Бір ерекшелігі – параллелепипед-құлыптастар сыртқы түрімен Батыс Қазақстан қойтастарына, белгі-өрнектері оңтүстік үлгілеріне (түркістандық-сырдариялық) келеді. Бұл құлыптастар жерге көмілмеген, биіктігі көмуге келмейді. Тағы бір дәлелі Әбілхайыр ханның қазақ халқының тағдырына байланысты батыл шешім қабылдаған орны, яғни тарихи құжатқа 1731 жылы 10 қазанда қол қойылған жер – Ырғыздан 25 шақырым шамасында. Ол Маңтөбе деп аталады.

«Хан моласы» қорымын зерттеу үшін ғылыми экспедиция 1-ші рет 1987, 2-ші рет 1998, 3-ші рет 2003 жылы келіп, тексеру жұмыстары тиянақты жүргізіліп, 600-ге жуық қабір жерлеу орны бар екені анықталған. 2007 жылдың тамыз айында С.Е.Әжіғалиев (этнология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, ғалым) бастаған құрмында Тұрғанбаев Л.Т., Новиков А.С. (геофизик), Біләлов С.Ө. (Москва этнография тарих институтының студенті) бар ғылыми топ тарихи орында болып, Әбілхайыр хан жерленген қорым туралы тың материалдармен толықтырды. 17,18,19,20

Дүйсенбі аһун мешіті

1902 жыл. Мұсылманшылыққа бетбұрыс жылы. Ағайынды Дүйсенбі, Исатай Бұхар, Түркістан қалаларынан жоғары дәрежелі діни білім алып келіп, ел ішінде уағыз жүргізе бастайды. Ел ағалары қызу қолдап, мешіт салуды ұйғарады. Сол істің басында басшылық еткен Сәтбайұлы Саудабек екен. Имашұлы Дүйсенбі 1885-1886 жылдары Бұхар жағына кетіп, сол жақтан діни оқу оқып, елге оралады. 1904 жылы мешіт құрылысына дайындық жұмысы басталады. Дүйсенбі халық талабын қолдап, келісімін береді. Кесекті сол жерден қолдан күйдіріп басады. Балшықты биенің сүтімен қыл араластырып басады. Саз балшытың орнына таудан бор әкеліп пайдаланған. Керекті ағаштарын Дүйсенбінің інісі Сәрекенге дайындау

тапсырылады. Сәрекен қасына он адамын ерітіп, Қостанай облысының Сеинозер ауданында қыстай әзірлеп, көктемде тасыған Торғай өзенінің бойымен судың ағысымен жеткізеді. Дүйсенбі мешітін 1909 жылы бастап салады. Мештті салуға Орынбор және Уфа қалаларынан төрт шебер келеді. Сол кездегі ұста Жыға деген кісі қасына шәкірттері Бейсенғали, Хасендерді алып мешітті салуға көмектеседі. Мешітке ауыл тұрғындары да жәрдем береді. Мешіт құрылысы 1913 жылы аяқталады. Жайсаңбай ауылынан солтүстік-батасында жеті шақырым жерде орналасқан. Төтрбұрыш тәрізді ені 9,60, ұзындығы 24,20 метр, қабырғасының биіктігі 8 метр, мұнарасының биіктігі 19 метр. Мешіттің үсті, мұнарасы кезінде қаңылтырмен қапталған. Айшығын ауыл тұрғыны Тоқа Алшынбай деген кісі түйемен Троицкіден жасатып әкелген. Оның құрылысында Еділ бойы халықтарынң ою-өрнектері салынған. Дүйсенбі аһун 1920 жылы қайтыс болады.

1930 жылы мешіттің есік-терезесі алынып, төбесі ашылған. Өйткені сол Кеңес заманында мешіттерді қиратып, бұзған. Тәуіп жерінде 7 мешіт болған.

1953 жылы мешітті аудан басшыларының ұйғаруымен мектепке айналдырады. Есік-терезесі жоқ, төбесі ашық мешітке қажетті құралдар 320 шақырым жердегі Шалқардан жеткізіледі. Биіктігі 3 метрлік 6 есік, 2,5 метрлік 11 терезені қол арамен тіліп, жасаған Шалқарлық Қалауи деген кісі екен. Мешіттің ішін жөндеп, 30 балалық жатақхана қылып, 1955-57 жылдары 7 жылдық мектеп болған. Қазіргі кезде мешіттің салынғанына 100 жылдан асып, күрделі жөндеуді қажет етеді. 13

Алмат тамы мазары.

Алмат тамы мазары – ХІХ ғасырдың аяғында салынған сәулет өнері ескерткіші. Ырғыз ауданының оңтүстік шығысында 22 км жерде орналасқан. 1886-1888 халық шебері Жыға тұрғызған, көлемі 12,70х12,10 м, 7 бөлмелі. Шикі кірпіштен өріліп, күйдірілген кірпішпен қапталған мазардың құбыла беттегі қасбетінің екі шетінен бірдей арақашықтықта 5 күмбезшелер орталық бас күмбезді қоршай орналасқан. Кірпіштер 7 түрлі қалыппен құйылып, әрқайсысы белгілі бір бедерлер мен өрнектерді салуға пайдаланылған. Мазардың батыс жағындағы кіреберістен қасбеттің дәл ортасындағы құрбандық бөлмесі тәрізді 6-шы күмбезше-дәліз арқылы мазардың ішіне енуге болады. Дәліздің табалдырығында орталық күмбездің астындағы жерасты қабіріне апаратын қақпақша – есік бар. Бұл орталық қабірге Ханыков экспедициясына Орынбордан Хиуа, Бұхараға дейін жолбасшы болған Шөмекейдің бозғыл руынан шыққан белгілі адам Алмат жерленген. Комплекстік жобасы мен архитектурасы шешімі жағынан өте сирек кездесетін құрылыс. Кесененің солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс жақтарындағы бөлмелерін дөңгелендіре шығыңқы қалаумен өрген. Солтүстік-батыс қабырғаларының оң жақ бұрышындағы кіретін есік, оңтүстік қабырғаны бойлай аралық бөлмеден өтіп, орталық дөңгелек залға апаратын дөңестеп жабылған дәлізбен жалғасқан. Осы дөңгелек залдан мүрдеге арналған 5 бөлмеге аркалы ойықтар өтеді. Сыналай қалап, қосарлай шығарған аркалар өте әдемі көрінеді. Құрылыс Алмат Тобабергенұлының отбасылық мемориалы ретінде жобаланған: өзіне және бес ұлына арналған алты бөлмеден сағана бар. Кесене шикі кірпіштен іргетассыз тұрғызылып, екі жағынан күйдірілген кірпіштен қапталған. Оңтүстік-батыс бетінен оны үшке бөліп, әсемдеп қалау арқылы құрылысқа айрықша салтанаттылық берілгені байқалады. Осындай салтанат ортадағы дөңгелек бөлменің ішінен де байқалады. Алматтың күрделі композициясы мәйіт жерлеудің өте көне ғұрыптарынан хабар береді. Мұнда бұрынғы мәйітті бөлменің бір бұрышынан ығыстырады да орнына жаңа мәйіт қояды. Кесене Тобабергенұлының тірі кезінде тұрғызылған. Осында әкесі және жастай өлген бірнеше баласы жерленген. Басына құлыптастар қойылған қоршаулы қорым бар.  

Мәні әулие қорымы.

Мәні әулие қорымы – Шеңбертал елді мекенінен батысқа қарай 7 шақырым жерде Темірастау шыңының басында орналасқан тарихи ескерткіш. Қай ғасырда қалғаны белгісіз. Қорымды С.Әжіғалиев басқарған экспедиция 1980 жылы тексеріп, керекті құжаттар жасалды. Бірақ бұл қорымның пайда болу тарихы белгісіз күйінде қалды. Қорымның аумағы 2-3 гектардай. Бұл қорым болашақта археологиялық зерттеуді қажет етеді. Бұл төбені Мәні әулие десе, төбе басындағы қаз-қатар тастардан қаланған қорымды Мәні әулие қорымы деп те атайды. Қорымда тас қоршаулар, құлыптастар. Тұтас алғанда Батыс Қазақстандағы әр түрлі бейіт ескерткіштердің жиынтығы іспетті. Қаланған тамдардың қабырғасының биіктігі 1 метрге жетеді, кейбіреуінің төрт бұрышына әдейі тас қаланып, кәдімгі төрт құлақты там бейнесінде келтірсе, қайсыбірінің қақ ортасында үйшік, сыпа тамдарға лайықтап шошақ төбе шығарылған. Негізінде мұнда тас қалаудың үлкен өнері жинақталған қабірден үлкен тастарға салынған ру белгілері көп. Табиғи үлкен қара тасқа салынған белгілерден үш жүздің ру таңбалары кездеседі. Бұл бейіттер өткен заманда туған жер үшін болған шайқастардың бірінде құрбан болған бабалардың бейіттері екені сөссіз. Көне көз қариялардың айтуы бойынша патша әскеріне қарсы соғыста қаза тапқан Кенесары сарбаздарының патша әскерімен соғыса жүріп Ырғыз өзенінен кесіп өтіп Мұғаджарға, Ембіге дейін барғаны, кейін шегініп осы маңда болғаны белгілі. Бейіттер еш сылақсыз әртүрлі тастардан қаланған.

Аңыз бойынша ертеде қазақ елін қалмақтар шауып, мал-мүлікпен бірге сол елдің басшысының сұлу әйелін олжалап, бір батырына қосыпты. Сол әйелден дүниеге қыз бала келіп, жасы 17-ге келгенде анасы дүние салады.

Елін, жұртын бір көруді арман еткен анасы көз жұмарда қызына қалай да қазақ еліне қосылуын өтінеді. Жолын өзі айтып береді. Бізбен бірге жеті жасар бір ер баланы ала келіп, қол-аяғын кісендеп қозы бақтырып қойған, сол бала ержетті, түр-тұлғасы батырға ұқсайды, балаға жағдайды түсіндіріп, қалғанын өзің келістіріп елге қашыңдар, ен соңғы да, ең қымбат өтінішім осы, – деп көз жұмады.

Қыз ана аманатын орындауға бел байлап, жігітке сөз салады. Жігіт менің одан асқан арманым жоқ, бірақ қол қысқа деп мұңаяды. Сонымен қыз бір күндері қару-жарақ, ат жағдайын ұйымдастырып, екеуі ел қайда деп қашады.

Қыз бен жігіттің астарына мінген сәйгүліктерге ешкім жете алмай, әкесінің аты ғана жететінін сезген қыз жігітке әкемді өзім тоқтатам, сен артыңа  қарамай кете бер, дейді. Жігіт шыдай алмай артына қараса, қыз әкесіне садағын кезеп тұр екен. Бір қате іс болар деп жігіт қыздың жанына келіп әкеңді атпа, деп қолқа салады.

Айтқанын тыңдамай кейін қайтып келген жігітке  қатты налыған қыз, бекер келді атпай-ақ өзім тоқтатып едім, енді не болғанын көрерсің, дейді.

 

Жақындап келген әкесі қолын теріс жайып «көзің көргенді қолың ұстамасын» – деп бата беріп қайтып кетеді.

Қуғыншыдан құтылған екеуі біраз демалу үшін осы төбенің етегінде жағасы тал мен ну қамысқа толы жайқын суға салқындау үшін екі жерге кетеді. Бір уақытта шар еткен қыз дауысы естіледі, жігіт тез келсе жылан оралған қыз талықсып жатыр екен. Сонда қыз «қалмақтың қарғысы жаман деген рас еді әкемнің қарғысы орындалды, енді мен саған жоқпын, осы жерге мені жерле, ешқашан менің атымды атаушы болма, осы өтінішімді орында», деп көз жұмады.

Жігіт қыздың өтінішін орындай осы жерге жерлей, сұраған кісіге мәні бар ғой деп жауап беріпті, содан бірден бірге Мәнітөбе атанған дейді. Аңыздың соңында сол жігіт батыр Жәнібек екен, көп жыл тама Есетті іздеп келіп, осы бір мұңын баяндай отырып сол қыздың аты Ақбілек еді, маған неге атама дегенін түсінбедім де атамай келдім, енді көпке бармаспын, елге жете алмасам саған аманат деп үш күннен кейін дүние салыпты, дейді.

Мәні әулие қорымы үлкен зерттеуді керек ететін өте құнды халық мұрасы, оны қастерлеу, сақтау, қорғау бәріміздің ұлағатты міндетіміз.9,14,16

                                                                          Жапақ ата мазары.

Жапақ ата мазары – Жайсаңбай ауылының шығысында Жапақ ата мазары орналасқан. Жапақ ата ауқатты кісі болған арғы аталары хан болған. Руы Тоқа, Айбас аталығы. Жапақ ата мазары ХІХ ғасырдың ескерткіші. Мазар Дүйсені, Исатай мешіттерінен кейін салынған.

Жапақ ата мазары 1913-1914 жылдары Бисенғалы, Хасен деген кісілер салған. Саз балшықтан кесектен салынған. Сыртқы шеңберінің диаметрі 8 кез. Қасбеті дөңгелек ғимаратты тең бөлікке бөліп тұр және 4 ойықша бедері шағын. Мұнара күмбезшілернің құрбандық орны тәрізді сыртқа қарайды. Мазардың ішкі бөлігінде төрт жер асты қабырғаларының үстіне сахна тәрізді тұғырлар орналасқан. Мазардың биіктігі 7,10 кез.

Жапақ төбесі бұрын «Есен төбе» деп аталған. Кейін «Бәйге төбе»  деп аталған. Өйткені Таңсықбай деген жерден жіберілген бәйге аттары осы жерден күтіп алынған. 13

Исатай мешіті.

Исатай Сатыпалдыұлы руы Тоқа, оның ішінде Таңатар аталығы. Сол кезде осы жерде шомбал деген бай болған. Әкесі өлген соң баласы Ағыбай әкесіне арнап мешітті салдырады. Мешітті Жыға ұста мен оның шәкірттері Бисенғали, Хасендер салған. Мешіт халық қаражатымен салынған. Дүйсенбі мешітіндей емес, кесек орнына бор емес, саз пайдаланған. Мұнарасының сыртын күйдірілген кірпішпен қаптаған. Соған қарамастан құрылыс әлі де мығым күйінде.  Исатай мешіті 1907 жылы басталып, 1908 жылы аяқталған.  Исатай мешітінің құрылысы шахмат ладьясын көз алдыңа әкеледі. Мешіт Жайсаңбай ауылының оңтүстік-шығысында 4 км жерде. Төртбұрышты ені 10 м, ұзындығы 19 м. Мұнарасының биіктігі – 8,50 м, конус тәрізді. Мұнара басына дейін кірпішпен өрілген, ішінен айналма баспалдақ арқылы көтерілуге болады.9,13

Жаныс мавзолейі.

Жаныс мавзолейі (ХІХ-ғ. ескерткішкі) – Ырғыз ауданы Құрылыс ауылының оңтүстік батысында 20 шақырым жерде орналасқан. Қабырғасының төменгі бөлігі 8 қырлы, жоғарғы бөлігі сағанаға ұқсас 8 және 41 қырлы барабан шеңбері түрінде қаланған. Күбезі пирамида тәріздес сатылап қаланып аяқталған. Қабырғалары күйдірілген саз балшық араластырылып өрілген. Мазарды Әлімнің төртқара руының биі Жаныс көзі тірісінде халық шебері Мейірбекке салдырған. Мазар аса көрікті жерге, өзге мазарларға ұқсамайтын шеберлік үлгісімен салынған. Жаныс би мазары қасиетті орынға айналды. Ұзақ жолға шығатындар, тілек-шарапат күткенде әулие, би атасының мазарына келіп, әруағына бас иеді, сырқаттар түнейді.9

Маңтөбе ескерткіші.

Қазақ даласын отарлауды көздеген патша үкіметі 1 839 жылы Орынбор әскери губернаторы В.А. Перовскийдің бастауымен Орск-Ырғыз-Арал-Қазалы-Ақмешіт аралығын зерттеп, әскери бекіністер салатын жерлерді белгілейтін экспедиция шығарды. Сол бекініс нүктелерінің бірі – Жармола биігі болды. Алғашында Орал әскери бекінісі, кейін Ырғыз атауына көшкен бұл бекіністің іргетасы 1845 жылы мамыр айында қаланып, толық құрылысы жиырма жыл жүргізіліп, 1865 жылы аяқталған.

Әбілқайырдың бастауымен 1731 жылы 10 қазанда Ырғыздың Маңтөбесінің баурайында Ырғыз өзенінің жағасындағы жазықта тігілген хан ордасында патша үкіметіне ант берді.

Ырғыз жеріндегі тарихи-табиғи сәулет ескерткіштерін зерттеу мақсатымен тарих ғылымының кандидаты Сұлтан Әжіғалиев бастаған экспедиция 1979-1980 жылдары болып, тиісті құжаттар жасақтады. Әлі де жан – жақты зерттеуді қажет ететін «Күйген қала» (Нұрада), «Жарбасы мешіті» (Өлкейек өзені бойында), «Қарабатыр тамы» (Нұра – Ырғыз трассасы бойында), «Төре қорымы» (Ақши аулынан 3км жерде, құм арасында, құлыптастар 19ғасырдың аяғы  – 20-ғасырдың басы), т.б. тарихи мәні зор ескерткіштер бар. Соның бірі Хан моласы қорымы (18-ғасырдың ескерткіші) Өлкейек өзеніне Қабырға өзенінің құяр сағасынан 4 км жерде. А.Левшиннің, Н.Рычовтың деректері бойынша бұл қорымда Кіші жүз ханы Әбілхайыр жерленген. Хан бейіті осы жер деп нақты байлам жасалмаған. Ал, Әбілхайыр ханның қазақ халқының тағдырына байланысты батыл шешім қабылдаған орны, яғни тарихи құжатқа 1731 жылы 10 қазанда қол қойылған жер – Ырғыздан 25 км жерде. Ол «Маңтөбе» деп аталған. Осы Маңтөбенің айналасы – табиғат өзі дарасымын беріп қойғандай айнадай көл, өзен, жылға, олардың арасы жайқалған неше түрлі жұпар иісті өсімдіктер. Жазғытұрым кезде нұрын шашып көкірегіңді аша түседі.

Міне, бұл жер Әбілқайыр таңдамына ілініп, Ресей патшасының елшісі М.Тевкелевті осы жерде қабылдаған. Аталған жерде елшіні қабылдап, ұзақ мәмледен кейін Қазақстан мен Ресей патшасының атынан 1731 жылы 10 қазанда одақ болу келісіміне қол қойған. Шартқа қол қою рәсіміне той жасалынып, төбенің басы майға бөгіп қалған көрінеді. Соған байланысты, кейде халық Маңтөбені «Майтөбе» деп те атай беріпті. Сол тарихи оқиғаның 250 жылдығына байланысты 1981 ж. Маңтөбеде ескерткіш-белгі орнатылды.

Осындай тарихи маңызы бар Маңтөбені неше жылдар бойы ел-жұрт қастерлеп, қасиетті орын санап келеді. 21,22

Ақтөбе облысындағы болашақ туристік маршруттың сызбанұсқасы

Ақтөбе облысындағы  «Мәдени Мұра» бағдарламасына енген тарих және мәдениет ескерткіштері

–  «Мәдени Мұра» мемлекеттік бағдарламасының Ақтөбе облысындағы  археологиялық зерттеуі