Асқар тау алыстаған сайын айқын көріне түседі

Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің рөлі зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек.

Әрбір білімгер өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуге тиіс. Егер қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын керек ететін болса, сол жаңашыл адамдарды, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар дайындайтын біздің білім беру ұйымдары Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы тиіс.

Осы орайда, мен Ш-33-к топ білім алушылармен заманның заңғар тұлғасы Д.А.Қонаевтың және ұлы жазушы М.О.Әуезовтің мұражай-үйлеріне барған кездермен ой бөліскім келеді. Қазіргі жастардың бірі білсе, бірі біле бермейтін Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтің өз еліне сіңірген еңбегі. Ширек ғасырдан астам ел басқара отырып, ол кісінің адамгершілік қасиеттері, еліне адал да, қалтқысыз еңбек етуі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екендігіне ешкім де қарсылық көрсете алмайды. Қонаев атамыз жайлы жырлаған ақын өлеңдері еріксіз еске түседі:

Қонаев Димаш атамнан

Балалар көп-ақ бата алған.

Халықтың қамын ойлаған,

Мейірман адам аталған…

«Күн ертең ел боп өсетін,

Бақыттың бағын кешетін,

Балалар – жарқын болашақ»,-

Деп сөзін дана кесетін…

Сондай-ақ, топ білім алушыларымен ұлы жазушы М.О.Әуезовтың мұражай-үйінде де болып қайттық. Жастар біле бермейтін, ұлы жазушының өмір жолынан толық мәлімет алып, ұлы адамдар өмірінің тағы бір қырларымен танысып қайттық. Мұхтар Омарханұлының жастық шағынан бастап, ұлы жазушы болғанға дейінгі өмірі жайлы қызықты мәліметтерді естіп, ой түйдік. Екі тұлғаның да артында қалған ұрпақтарының қазіргі таңда жасап жатқан игі істері осынау жастарға тигізер әсері мол деп ойлаймын.